Іссапар барысында Кемерово мемлекеттік университеті Археология кафедрасының профессорларымен және КемМУ жанындағы Сібір археологиясы, этнологиясы және экологиясы музейінің мамандарымен, яғни Кемерованың жетекші археологтарымен кездесулер өткізілді.
Кемерово мемлекеттік университетінің жанындағы Сібір археология, этнология және экология мұражайының ғылыми мұрағаты 900-ден астам томнан тұрады. Онда КемМУ археология кафедрасының қызметкерлері 1960-жылдардан бастап жүргізген археологиялық экспедициялардың есептері, археологиялық нысандардың сызбалары мен фотосуреттері, археологиялық ескерткіштердің паспорттары, археологтардың далалық күнделіктері, археология кафедрасы отырыстарының хаттамалары және өзге де материалдар қамтылған.
Іссапар барысында бүкіл архивті қарау мүмкін болмағандықтан, талдау үшін КемМУ-дың әр жылдары ұйымдастырылған петроглифтік экспедицияларының материалдары іріктелді. Бұл материалдар Саян-Алтай, Орталық Азия және Солтүстік Тянь-Шань өңірлерінде жүргізілген далалық зерттеулердің нәтижелерін көрсетеді.
Музейдің ғылыми мұрағаты Саян-Алтай, Орталық Азия және Солтүстік Тянь-Шань петроглифтеріне қатысты бірегей деректер корпусын жинақтаған. Бұл коллекциялар бейнелеу техникасы мен иконографияның аймақтық ерекшеліктерін анықтауға, сондай-ақ ежелгі қауымдардың дүниетанымдық және символдық ойлау жүйесінің ортақ белгілерін айқындауға мүмкіндік береді. Мұндай мәліметтер Шығыс Қазақстандағы петроглифтік кешендердің материалдарымен салыстырмалы талдау жасау тұрғысынан да ерекше ғылыми құндылыққа ие.
Іс-сапар Барнаул қаласындағы Алтай мемлекеттік университетінің Археология кафедрасында және аталмыш университет жанындағы Алтай археологиясы мен этнографиясы музейінде жалғасты. Сапар барысында кафедра және музей қызметкерлерімен жұмыс кездесулері өтті.
Осы орайда, аталмыш музей қоры Алтай өңірінің көне және ортағасырлық тарихына қатысты мол материалдарға ие екендігін атай кеткен жөн. Жұмыс барысында Ресей Федерациясының Алтай Республикасында және оған іргелес өңірлерде таңбалық элементтері бар археологиялық кешендер – тас қоршаулар, жерлеу құрылыстары, петроглиф топтары мен таңба бейнеленген жекелеген артефактілер анықталғаны нақтыланды. Бұл материалдар, әсіресе, ежелгі көшпелілердің белгілер мен визуалды-коммуникативтік дәстүрлерінің сабақтастығын зерттеу кезінде Қазақ Алтайында табылған олжалармен салыстыру үшін ерекше маңызды. Сапар нәтижесінде жаңа ғылыми ақпарат жиналып, ежелгі көшпелілердің белгілер жүйесін одан әрі зерттеу үшін маңызды архивтер мен қорлар айқындалды. Сондай-ақ алдағы уақытта далалық материалдармен, басылымдармен және әдістемелік әзірлемелермен алмасу бойынша ынтымақтастықты жалғастыру жөнінде келісімге қол жеткізілді.
Сондай-ақ, бұл іс-сапар VII Бүкілресейлік археологиялық археологиялық съездің өтуімен тұспа-тұс келгендіктен Красноярскте өткен осы іс-шараға қатысып, баяндама жасаудың да сәті түсті.


Кемерово мемлекеттік университеті жанындағы Сібір археологиясы, этнологиясы және экологиясы музейі


Ғылыми қызметкер Б.А. Сиражеваның Алтай мемлекеттік университеті Археология кафедрасының меңгерушісі А.А. Тишкинмен және Алтай археологиясы мен этнографиясы музейінің директоры Я.В. Фроловпен кездесу-кеңесу сәттері, Барнаул қаласы


VII Бүкілресейлік археологиялық археологиялық съезд барысы


