AP23486716 Алтай қазақтарының белгі жүйесі мен таңбалары
Жоба жетекшісі::
Самашев Самат Қайроллаұлы (PhD)
ResearcherID JCO-7937-2023
ORCID 0000-0003-3450-3629
Scopus Author ID 58089837200
Жоба Алтай қазақтарының таңба-белгілерін жан-жақты, пәнаралық зерттеуге бағытталған.
Жобаны жүргізу кезінде ғылыми-зерттеу тобы ШҚО археологиялық және этнографиялық экспедицияларының нәтижелеріне, сондай-ақ тарих ғылымының заманауи жетістіктеріне сүйенеді. Қазақстан, Ресей, Моңғолия және Қытай Алтайы аумағынан ХVIII ғ. басынан бергі таңба-белгілер мен нышандар салынған археологиялық ескерткіштерді іздестіру, сондай-ақ, осы аумақта өмір сүріп жатқан қазақтардың этнографиялық ортасында сақталған таңбаларды анықтау және құжаттау жұмыстарын жүргізеді. Таңба-белгілерді талдау мен ғылыми айналымға енгізу шараларын жүзеге асырады.
Далалық зерттеулермен қатар, бүгінге дейін жинақталған деректерді топтастыру, сондай-ақ ұлтымыздың тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі болып саналатын таңба-белгілерді сақтау, танымал ету және насихаттау көзделіп отыр.
Зерттеулердің Берел мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қабырғасында жүргізілуі маңызды әрі тиімді, себебі Шығыс Қазақстанның Катонқарағай ауданында орналасқан бұл мекеме Ресей, Моңғолия, Қытай Алтайы қазақтары мекен еткен жерлерге іргелес жатқандықтан далалық эскпедициялар ұйымдастыруға өте қолайлы нүкте.
Жинақталған мәліметтерді жергілікті қазақтар арасында сақталған деректермен салыстыра отырып ғылыми айналымға енгізуге мүмкіндік беретін жер. Оның үстіне қызметкерлердің басым көпшілігі жергілікті тұрғындардан құралғандықтан, олар тікелей өз тарихын зерттеумен және насихаттаумен айналыса алады.
Алтай ежелден қазаққа атақоныс болған жер. Ғылымда «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» деген тұрақты ұғым қалыптасқан. Бүгінде «Алтай өңірі» үлкен бір географиялық ұғым. Оған Шығыс Қазақстан облысы, Қытайдың Шыңжаң Алтай аймағы, Ресейдің Алтай шекара ауданы және Моңғолияның Қобда және Баян өлгей аймақтары кіреді.
Ғаламтордағы ашық дереккөздерге сәйкес, Алтай қазақтары өмір сүріп отырған аудандарында жергілікті халықтың, Ресейде 53,37%-ын, Моңғолияда 90%-ын, Қытайда 50,5%-ын, ал ШҚО-да 50-ын құрайды. Бұл көрсеткіш бізге Алтай қазақтарына тиесілі таңба-белгілерге қатысты деректердің негізгі бөлігі «сырт жақта» жатқандығын көрсетеді.
Бүгінде әлемде орын алып жатқан әртүрлі геоясаяси шиеленістердің бір ұшы Алтай қазақтарына да тиіп жатқандықтан олардың таңба-белгілерін жан-жақты, пәнаралық зерттеу мәселесі өте өзекті.
Мақсат: Ресей, Моңғолия, Қытай Алтайындағы және Анадолыға жер ауған жекелеген руларды қоса алғандағы Алтай қазақтарының бұрынғы және қолданыстағы таңба-белгілерін анықтау, құжаттау, зерттеу және ғылыми айналымға енгізу.
Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін мынадай міндеттер қойылып отыр:
- Алтай қазақтары мекен етіп жатқан аумақтардағы археологиялық ескерткіштердегі (ХV ғ. ортасынан бергі) таңба-белгілерді іздестіру, анықтау және ғылыми құжаттау;
- Алтай қазақтарының этнографиялық ортасында сақталған таңба-белгілерді іздестіру, анықтау және ғылыми құжаттау;
- табылған таңба-белгілерді этникалық сәйкестендіру, яғни қай рудың таңбасы екендігін анықтау;
- Алтай қазақтарының белгілер жүйесіндегі аймақтық ерекшеліктерді анықтау;
- таңбақолдану дәстүрінің тарихи сабақтастығын зерттеу;
- жекелеген (билік, меншік және т.б.) таңбалардың Алтай қазақтарының мәдениетіндегі өзектілігі мен қызметіне талдау жасау;
- зерттеу барысында алынған деректерді зертханалық және ғылыми-сараптамалық өңдеу;
- жинақталған материалдарды келешекте өңірдің археологиялық мұрасына арналған іргелі ғылыми еңбектер жасау мақсатында зерделеу;
- Алтай қазақтарының таңба-белгілерден тұратын тарихи-мәдени мұрасын сақтау, пайдалану және танымал етудің тетіктерін әзірлеу.
Тікелей нәтижелер:
- Алтай қазақтарының ен-таңбалары кешенді түрде зерттеліп, нәтижесі ғылыми айналымға енетін болады;
- Алтай қазақтарына тән ен-таңбалардың типологиясы жасалады;
- ен-таңбалардың осы өңірдің мәдениет факторын қалыптастыруға қалай ықпал еткендігі анықталады;
- қарастырылып отырған әлеуметтік-мәдени кеңістікте таңба-белгілердің пайда болуының алғышарттары, қалыптасу барысы, сақталу және түрлену үдерістері талданады;
- анықталған таңба-белгілерді талдау және жүйелеу арқылы Алтай қазақтарының әлеуметтік-мәдени құндылықтары және этникалық мәдениеті зерделенеді;
- осы ен-таңбалардың әлемдік таңбақолдану картасынан алатын орыны (мәдени-хронологиялық тұрғыдан) белгіленеді;
- Алтай қазақтарының таңба-белгілерін зерттеу арқылы, қарастырылып отырған кезеңдегі мәдени-тарихи үдерістердің теориялық жаңғыртпасы жасалады;
- Алтай қазақтарының таңбалы ескерткіштерінің электрондық деректер базасы жасалады, осы ескерткіштерді зерттеу әдістері қалыптастырылады;
- жобаның аралық нәтижесі бойынша ғылыми семинар ұйымдастырылады;
- ғылыми-көпшілік фильм түсірілетін болады.
Түпкілікті нәтижелер:
- Web of Science базасының Social Science Citation Index немесе Arts and Humanities Citation Index және (немесе) Scopus базасындағы CiteScore бойынша 35 процентильге ие рецензияланатын ғылыми басылымда кемінде 2 мақала немесе шолу жарияланады;
- ҒЖБССҚК ұсынған рецензияланатын шетелдік және (немесе) отандық басылымда кемінде 4 мақала жарияланады;
- «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы қабырғасында «Таңбалы Алтай: бұрыны мен бүгіні» тақырыбында 1 ғылыми семинар өткізіледі;
- Қазақстан, Ресей, Моңғолия және Қытай аумақтарында этноархеологиялық және этнографиялық экспедициялар ұйымдастырылып, нәтижесінде таңба-белгілер іздестіріліп, ғылыми құжаттама жасалады;
- алынған ғылыми нәтижелерге авторлық куәліктер алынуы мүмкін;
- тарихи-мәдени ескерткіштердің электрондық деректер базасы жасалады;
- ғылыми деректер музейдің ғылыми құжаттамаларын құрастыру барысында қолданылады;
- ғылыми-көпшілік фильм түсіріледі.
Ғылыми әсері:
- ұсынылып отырған жоба Қазақстан таңбатануының ең әлсіз тұсын қамтиды және маңызды ғылыми, көрме, музейлік қызметке пайдалану мүмкіндігіне ие.
Әлеуметтік-экономикалық әсері:
- өңірде жаңа жұмыс орындары ашылады, кәсіпкерлікке серпін беріледі, туризм арқылы Катонқарағай ауданының экономикалық дамуына ықпал жасалады.
Тұтынушылар:
Алынған нәтижелердің мақсатты тұтынушылары - ғылыми қауымдастық, білім, музей және туризм саласының өкілдері; нәтижелер БАҚ пен интернет арқылы таратылады.