22 08 2016

2015 жылдың 18-21 тамызы аралығында «Берел» тарихи-мәдени қорық-мұражайы, Халықаралық Түркі академиясы және А. Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Астана қаласындағы филиалының ұйымдастыруымен Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан сынды Халықаралық Түркі академиясының құрылтайшылары саналатын төрт елдің ғалымдары мен археологтары, ақпарат саласының майталмандары Төр Алтайдың Қарақаба және Берел қорымдарында болып «Алтай –алтын бесік» атты Халықаралық далалық семинар өткізді. Белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев бастаған мамандардың соңғы жылдары қазба жұмыстарында тапқан олжалары тақырып тұздығына айналды. Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Түркі Үкіметінің жанындағы Түрік ынтымақтастық және даму агенттігінің Қазақстандағы өкілі Мехмет Бодур, түркиялық «Haberturk», «Dirilis Postasi» сынды бас газеттердің, әлемнің 120 еліне тарайтын NTV телеарнасының журналистері, Қырғызстандық археолог Қуатбек Табалдиев, Әзірбайжан тарихшысы Тахир Шахбозов қатысқан симпозиум-семинар екі күнге созылды.

Экспедицияның екінші күнінде Берелдегі «Патшалар жазығын» аралаған меймандар Берел мұражайындағы экспонаттармен танысты. Археолог Зейнолла Самашев келер 2016 жылы қазба жұмыстарының негізгі күші Берелдегі диаметрі 38 метр болатын алып №2 қорғанға салынатындығын атап өтті. Археолог бұл қорғаннан тағы да құнды жәдігерлер табылуы мүмкін деген болжам айтып отыр. «Берел» тарихи-мәдени қорық-мұражайының ғимаратында аудан мектептерінің тарих пәні мұғалімдерінің қатысуымен өткен конференция алғашқы Халықаралық далалық семинардың екікүндік жұмысының соңы болды. Олардың алдында сөз сөйлеген З.Самашевтан ұстаздар Берелдегі және Қарақабадағы қазба жұмыстарының жүргізілуі және алдағы жоспарлары жайлы көптеген мәліметтер алды.

«Алтай – алтын бесік» атты басқосу бұл жолы мәдени байланыс деңгейінен мемлекетаралық ғылыми ынтымақтастық деңгейіне шықты. Ендігі міндет- ортақ мұраны әлем назарына өз деңгейінде ұсына білу. Әрі ғылыми экспедиция, әрі симпозиум- семинар ретінде өткен шараға қатысушылар осы мақсатта бірлесе жұмыс атқаруға серттесіп тарқады.

Онлайн кім

Қазір 16 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр