ыы

BR22082478 Қазақ Алтайының ерте темір дәуірі мәдениеттеріндегі белгілер жүйесі

 

Жоба жетекшісі::

Самашев Самат Қайроллаұлы (PhD)

ResearcherID JCO-7937-2023 

ORCID 0000-0003-3450-3629

Scopus Author ID 58089837200

 

Бұл бағдарлама Қазақ Алтайының ерте көшпелілерінен қалған таңбатәріздес белгілер мен нышандарды жан-жақты, пәнаралық зерттеуге бағытталған. Бағдарламаны жүзеге асыру кезінде ғылыми-зерттеу тобы Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясының нәтижелеріне, сондай-ақ археология ғылымының заманауи жетістіктеріне сүйенеді, таңбатәріздес белгілер мен нышандар салынған ескерткіштерді іздестіру жұмыстарын жүргізеді, оларды талдау және ғылыми айналымға енгізу шараларын жүзеге асырады. Тікелей археологиялық жұмыстармен қатар, бүгінге дейін жинақталған археологиялық деректер егжей-тегжейлі зерделенеді, сондай-ақ өңірдің бай тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі болып саналатын таңбатәріздес белгілерді сақтау және оларды танымал етудің әдістемелік негіздері әзірленеді.

Ұсынылған бағдарламаның мақсатына жету үшін таңбатәріздес белгілер мен нышандар салынған ескерткіштердің типологиясы мен аймақтық мәселелеріне негізделген нақты міндеттер белгіленіп отыр. Бұл Қазақ Алтайының ежелгі көшпелілерінің мәдени генезисін, әлеуметтік ұйымдасуындағы өзгерістерін және қоғамдық өмірлерінің басқа да қырларын анықтауға мүмкіндік беретін болады.

Бұл зерттеулердің музей қабырғасында жүргізілуі де маңызды, өйткені музейлер, соның ішінде музей-қорықтар мәдени мұраны сақтау мен насихаттауда маңызды рөл атқарады. Музейлердің бірегей болмысы мен функциясы дәстүрлерді қайта түйсіну мен жаңғыртуға үлкен мүмкіндіктер береді. Қазіргі таңда қазақ халқына мұрагерлік арқылы жеткен таңба-белгілерді анықтау, сақтау және кеңінен насихаттау жұмыстарын атқаруда күш біріктіру қажет. Осы мақсат тұрғысынан алғанда музейлер түрлі ғылыми, танымдық және мәдени шараларды ұйымдастыруға ең қолайлы, өте тиімді орын.

Бағдарламаның мақсаты: Қазақ Алтайын мекен еткен ежелгі көшпелілер мәдениетіндегі таңбатәріздес белгілер мен нышандардың рөлін зерттеу, тарихи ортасын жаңғырту, осы таңбақолдану дәстүрінің кейінгі сабақтастығын анықтау, Қазақ Алтайының белгілер жүйесінің Орталық Еуразияның мәдени мұралары арасынан алатын орнын белгілеу, ежелгі көшпелілерге тән белгілер мен нышандарды анықтау, сақтау, қолдану және насихаттау жұмыстарының әдіснамалық негізін жасау.

Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін мынадай міндеттер қойылып отыр:

  • - Қазақ Алтайының символикалық бейнелермен байланысты ерте темір дәуірі ескерткіштерінің сипаттамасын жасау;

  • - әртүрлі символикалық белгілері бар жылжымалы және жылжымайтын ескерткіштердің типологиясын жасау;

  • - Қазақ Алтайы ерте көшпелілерінің белгілер жүйесінің және олардың құрылымдық элементтерін анықтау тәсілдерінің сипаттамасын жасау;

  • - Қазақ Алтайы ерте көшпелілерінің белгілер жүйесіндегі аймақтық ерекшеліктерді анықтау;
  • - жекелеген (биліктің, меншіктің және т.б.) белгілерді, олардың аймақ халқының мәдениетіндегі өзектілігі мен қызметін талдау;

  • - зерттеу барысында алынған деректерді зертханалық және ғылыми-сараптамалық өңдеу;
  • - облыс музейлерінде жинақталған материалдарды келешекте өңірдің археологиялық мұрасына арналған ғылыми каталогтар жасау мақсатында зерделеу;

  • - Шығыс Қазақстанның таңба-белгілерден тұратын тарихи-мәдени мұрасын сақтау, пайдалану және танымал етудің әдістемелік негіздерін әзірлеу;

  • - бұл таңба-белгілерді Орталық Еуразияның туристік инфрақұрылымына енгізу тетіктерін әзірлеу, зерттеу нәтижелерін танымал ету.

Тікелей нәтижелер:

  • - аймақ мәдениетінің ерекшелігін сипаттайтын белгілер мен символдардың типологиясы жасалады;

  • - белгілер жүйесінің аймақтық мәдениет факторын мәдениет тілі, өнегелік-этикалық ережелер, рухани құндылықтар арқылы қалыптастыру ерекшеліктері айқындалады;

  • - Қазақ Алтайының әлеуметтік-мәдени кеңістігіндегі семиотикалық компоненттердің пайда болуы шарттары, сақталу дәрежесі, түрленуі және талдануы сипатталады;

  • - Қазақ Алтайының ерте темір дәуіріндегі халықтарының әлеуметтік-мәдени құндылықтарын және этникалық мәдениетінің мәнін жеткізетін табиғи-ғарыштық, этникалық және антропологиялық белгілерді талдау және жүйелеу жүргізіледі;

  • - ғылыми мақалалар жариялау, сондай-ақ үш жылдық зерттеулер қорытындысы бойынша ғылыми семинар (онлайн немесе офлайн форматта) өткізу болады.

Түпкілікті нәтижелер:

  • - шетелдік рецензияланатын ғылыми журналдарда мақалалар жариялау. Бағдарламаның (үш жыл бойғы) негізгі ғылыми нәтижелері кем дегенде 7 (жеті) жарияланымда, оның ішінде кем дегенде 3 (үшеуі) ҚР ҒЖБМ ҒЖБССҚК ұсынатын ғылыми басылымдарда, 1 (біреуі) Томсон Рейтер (ISI Web of Knowledge, Thomson Reuters) компаниясының ақпараттық базасының деректері бойынша нөлдік емес импакт-факторға ие немесе Scopus компаниясының деректер базасына кіретін халықаралық ғылыми журналда, 3 (үшеуі) халықаралық конференция материалында, оның ішінде 1 (біреуі) шетелдік конференция материалында жариялануы тиіс;

  • - жобаны жүзеге асыру қорытындысы бойынша 1 ғылыми семинар өткізіледі;

  • - жобаны жүзеге асыру барысында алынған ғылыми нәтижелерге авторлық куәліктер алынуы мүмкін;

  • - Қазақ Алтайындағы ежелгі таңбатәріздес белгілер мен нышандар салынған ескерткіштердің электрондық деректер базасы құрастырылады, әртүрлі символдық белгілері бар жылжымайтын және жылжымалы ескерткіштерді зерттеу бойынша әдістемелік ұсыным әзірленеді;

  • - бағдарлама аясында жүргізілген зерттеу нәтижелері әлеуметтік желілер арқылы әлеуетті пайдаланушылардың, ғылыми қауымдастықтың және қалың көпшіліктің арасында таратылады;

  • - бағдарламаны іске асыру қорытындылары түрлі деңгейде қорғалады, мақалалар жарияланып баяндамалар жасалады, сондай-ақ БАҚ беттерінде ұдайы насихатталып, алынған нәтижелер әлеуетті тұтынушылар арасында таратылады, аймақтың имиджін көтеруге өз ықпалын тигізеді;

  • - бағдарлама нәтижелерін мектеп оқушыларын, студенттерді және т.б.отансүйгіштікке тәрбиелеуде қолдану механизмдері жасалады;

  • - ғылыми мәліметтер музейдің ғылыми құжаттамаларын (ғылыми төлқұжаттарды, көрмелер тұжырымдамаларын, экскурсиялық мәтіндерді және басқ.) құрастыру барысында қолданылады;

  • - Қазақ Алтайының ежелгі көшпелілеріне тән, бойында символикалық элементтері бар бейнелеу өнері ескерткіштерін анықтау мақсатында Шығыс Қазақстан облысы Ұлан, Катонқарағай, Тарбағатай, Күршім аудандарында далалық зерттеулер жүргізіледі;

  • - ежелгі көшпелілердің таңбатәрізді беліглер мен нышандарды қолдану дәстүріне қатысты ғылыми еңбектің мәтіні әзірленеді.

Ғылыми әсері: Ғылыми зерттеулердің нәтижелері ҒЖБССҚК-нің рейтингтік отандық басылымдарында және шетелдік журналдарда (Web of Science/ Scopus) жарық көреді. Әдіснамалық нұсқаулық әзірленеді, ғылыми семинар ұйымдастырылады.

Әлеуметтік-экономикалық әсері: өңірлік ғылыми кадрлар мен жергілікті халық үшін жаңа жұмыс орындары құрылатын болады, техника жалданып, материалдар мен жабдықтарды көлемді сатып алу жүзеге асырылады және бұл аймақ экономикасының дамуына елеулі үлес қосады.

Тұтынушылар: мәдениет және өнер, білім және ғылым ұйымдары, мемлекеттік мекемелер мен уәкілетті органдар, БАҚ, шағын және орта бизнес өкілдері, аймақтың және республиканың тұрғындары, туристік сала. Бағдарлама нәтижелерін ескерткіштер базасын жасау тәжірибесін тарату, тақырыптық, өңірлік туристік бағдарлар әзірлеу арқылы коммерцияландыруға болады.

Онлайн кім

Қазір бір қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр