2025 жылғы 6 тамызда Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданында «Таңбалы Алтай: бұрыны мен бүгіні» атты ғылыми семинар өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «AP23486716 – Алтай қазақтарының белгі жүйесі мен таңбалары» гранттық ғылыми жобасының нәтижелері негізінде ұйымдастырылды.
Семинар Алтай қазақтарының тарихи және қазіргі таңба-белгілерін пәнаралық тұрғыдан зерттеу мәселелеріне арналды. Жиында таңба мен нышан ұғымдарының терминологиялық нақтылығы, олардың әлеуметтік, құқықтық және сакралды қызметтері, тарихи таңбалардың этнографиялық ортада сақталуы, аймақтық ерекшеліктер мен этникалық сәйкестендіру мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар, таңбаларды ғылыми айналымға енгізу мен заманауи цифрлық құжаттау әдістері талқыланды.
Семинардың басты мақсаты – археологиялық және этнографиялық экспедициялар нәтижелерін, сондай-ақ жоба аясында жинақталған материалдарды ғылыми қауымдастыққа ұсыну болды.
Негізгі баяндамалар:
- AP23486716 «Алтай қазақтарының белгі жүйесі мен таңбалары» ғылыми жобасының орындалуы жайлы қысқаша есеп – Самашев Самат Қайроллаұлы, PhD докторы, археолог. «Берел» мемлекеттік мәдени-тарихи музей-қорығы, Катонқарағай ауданы, Шығыс Қазақстан облысы, Қазақстан;
- Алтай қазақтарының ен-таңбалары – Шынарбек Сейітханұлы, PhD докторы, таңбатанушы. Моңғолия Ғылым академиясының Тарих және этнология институты, Ұланбатыр қ., Моңғолия;
- Алтай қазақтарының таңбалары архив деректері бойынша – Қалдыбаева Гаухар Асқарқызы, ғылыми қызметкер, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, Алматы, Қазақстан;
- Түркі қоғамдарындағы «таңба» және «тамға» терминдерінің мәдени-әлеуметтік маңызы – Сатаева Ботакөз Ерболқызы, докторант, Анкара Хаджы Байрам Вели университеті, Анкара, Түркия;
- Қазақ ру-тайпалары таңбаларының қолданылу аясы – Шнанов Өтелбек Ризабекұлы, докторант, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана, Қазақстан;
- Қазақтың рулық таңбаларының зерттелуі: тарихнамалық аспект – Бесетаев Бауыржан Берканұлы, аға оқытушы, әл-Фараби Қазақ ұлттық университеті, Алматы, Қазақстан;
- Шығыс Еуразиядағы ерте сақ дәуіріндегі жыртқыш құстар мен жыландар арасындағы шайқас сахнасының бейнелері – Эмре Севинч, PhD докторы, Анкара Хаджы Байрам Вели университеті, Анкара, Түркия;
- Қазақ таңбаларының сакралды мәні – Сапашев Ораз Сапашұлы, Ыстанбұл университеті, Еуразиялық зерттеулер орталығы, Ыстанбұл, Түркия.
https://berel-museum.kz/kz/nauka/kalendar-sobytij/911-znakovyj-altaj-proshloe-i-nastoyashchee.html#sigProId4d22d7c2ff


