ыы

2025 жылғы 4 тамызда Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданындағы «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында «Қазақ Алтайы ежелгі көшпелілерінің таңбалары мен нышандары» атты ғылыми семинар өтті. Іс-шараның мақсаты – заманауи археологиялық деректер мен семиотикалық тәсілдер негізінде ерте көшпелі қоғамдардың визуалды-коммуникативтік тәжірибелерін қайта пайымдау болды.

Бағдарламаның жүзеге асырылуы жөнінде есепті жоба жетекшісі, PhD, археолог Самат Қайроллаұлы Самашев ұсынды.

Талқылауға Қазақстан, Түркия және Моңғолия ғалымдарының қатысуы семинарға халықаралық сипат берді. Жиын қорытындысы ежелгі көшпелілердің таңбалық-символдық жүйесін кешенді зерттеудің маңыздылығын және археология мен мәдени антропологиядағы одан арғы ізденістердің болашағын айқындады.

Негізгі баяндамалар:

1. «BR22082478 – Қазақ Алтайы ерте темір дәуірі мәдениеттеріндегі белгілер жүйесі» ғылыми бағдарламасының орындалуы жайлы қысқаша есеп – Самашев Самат Қайроллаұлы, PhD докторы, археолог. «Берел» мемлекеттік мәдени-тарихи музей-қорығы, Катонқарағай ауданы, Шығыс Қазақстан облысы, Қазақстан;

2. «Анадолыдағы түркі таңбаларына қатысты зерттеулерді пайымдау» – доцент доктор Мехмет Кутлу, Йозгат Бозок университеті, Йозгат, Түркия;

3. «Көне дәуірдің стационарлық археологиялық ескерткіштеріндегі таңбалар мен нышандарды зерттеудің заманауи әдістері» – Максим Юрьевич Половцев, археолог. «Бестерек» ғылыми-зерттеу археологиялық орталығы, Өскемен, Қазақстан;

4. «Қазақ Алтайы ежелгі көшпелілерінің таңбаларын зерттеудің ғылыми мәселелері» – Самашев Зайнолла Самашұлы, т.ғ.д., профессор. Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, Астана, Қазақстан;

5. «Тотемдік жануарлар бейнелерін семиотика мәнмәтінінде қарастыру» – филология ғылымдарының кандидаты, Сапашев Ораз Сапашұлы, Ыстанбұл университеті, Еуразиялық зерттеулер орталығы, Ыстанбұл, Түркия;

6. «Қаратау өңірі сақ кешендеріндегі белгілер жүйесі» – Мұрғабаев Сағынбай Серікбайұлы, PhD докторы, археолог. Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Қазақстан;

7. «Моңғолиядағы таңбалары бар археологиялық кешендерді зерттеудің қазіргі жай-күйі» – Шынарбек Сейітханұлы, PhD докторы, таңбатанушы. Моңғолия Ғылым академиясының Тарих және этнология институты, Ұланбатыр қ., Моңғолия.

Онлайн кім

Қазір 69 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр