Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданының Берел ауылы маңында орналасқан «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық -мұражайы 2008 жылғы 4 шілде Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 674 Қаулысымен «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық – мұражайы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып ашылды.

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен 2004 жылдан бері іске асырылып келе жатқан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы Берел қорғандарын зерттеуде негізгі түрткі болды.

Тек қана Берел қорымын көптеген ғылым салаларын қатыстыра отырып зерттеу және жүйелі түрде қазба жұмыстарын жүргізудің арқасында б.з.б.1 мыңжылдық өлке тарихындағы көптеген маңызды мәселелерді шешуде ақпарат жағынан бірегей археологиялық материал берді.

Берел қорымы жан-жағын биік тау қоршаған тегіс және шағын алқапта, Бұқтырма өзенінің аңғарының оң жақ қанатында, өзі аттас ауылдың оңтүстік батысынан 7 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұқтырма өзенінің жағасы, оған құятын Ақ Берел (Ақбұлақ), Бұланты тау өзендерімен шектеледі.

Берел беткейлерін мүйіз тармақ қайыңдар мен мәңгі жасыл самырсын, балқарағай, шырша өскен жүздеген жылдық орман қаптаған Алтайдың маңғаз сілімдері көркем әсем аңғарда орналасқан. Мәңгі ақмұз шыңдардан төмен қарай Бұқтырманың, Ақберелдің және Бұлантының мөлдір, ағынды сулары құлдырап ағады. Шығысы мен батысынан аңғарды Кемпір, Қайнар, Қарашоқы және Бетсу таулары қоршап жатыр. Бұталы ну, аралас шөпті шалғын мен шалғынды жазықтар кең таралған.

Өзендердің аңғарларында қалың бұта жапқан май самырсын, қайың, тал, мойыл қосылған аралас балқарағай-самырсын-шыршалы орман өседі. Қазақ Алтайының осы бір түпкірі мемлекетіміздің ең шығысында, оның шекаралары Ресей, Монғолия және Қытаймен шектесетін жерде жатыр.

Ескерткіш координаттары: 49˚20΄ с.е. және 86˚22΄ ш.б. Жергілікті жердің абсолюттік биіктігі – 1120 метр. Қорғандар Бұқтырма өзенінің кемерінен 40-45 метрден асатын үшінші циклдік терассаға шоғырланған. Алғашқы екеуі – аллювиальдық, ал «қорғанды», яғни үшінші терасса көлдік тәрізді. Берел қорғандары орналасқан жерде Бұқтырма өзенінің аңғары 2,5 шақырымға дейін жайылады, ал ағыспен төмен қарай, қорғандардан шамамен 4 шақырымға күрт тарылады. Бұл тарылыста шоқы түріндегі екі жартас жұрнақ бар. Олар девон граниттарынан құралған (қаланған). Тікелей қорған терассасының ауданында Бұқтырма аңғарларының беткейлері метаморфозданған балшықты тақтатастардан, алеврит және кембри мен ордовиктің құмтастарынан құралған «жасыл-күлгін» формациямен қаланған.

Қорған терассасының сипаттамасына ерекше тоқталып өту керек. Оның құрылысы ежелгілердің өз ақсүйектерін жаппай жерлейтін орынды таңдауына себеп болған. Өйткені, мұндағы кей жерде 5-7 метрге жететін, мүмкін, одан да асып түсетін құмтасты балшықтың қалыңдығы терең көрді біршама оңай қазуға мүмкіндік береді, ал балшықты түзілімдердің қабырғалары орнықты, бұл жерлеу камераларын құру бойынша жұмыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Демек, Бұқтырма өзенінің үшінші терассасының методологиясы, геоморфологиясы, ландшафтық және эстетикалық шарттары молалардың орналасқан жерін айқындайды.

Ескерткіштің алаңы 4000 x1000 м²-ты құрап, 100-ден астам қорғандар мен ерте түрік заманындағы көшпенділер қоршауынан тұрады. Берел қорымы оңтүстік-шығыстан – солтүстік-батысқа қарай параллел бойымен тізбектеле созылып, бірнеше жеке жерлеу құрылыстарынан тұратын топтардан құралған.

Қорғандардың ең көнесі б.з.б. – IV-III ғасырлармен белгіленеді, бұл шамамен 2400-2300 жыл бұрын, ал ең соңғы ежелгі түрік заманындағылары - б.з. VII-VIII ғғ., бұл шамамен 1200-1300 жыл бұрын.

Берел қорғандарын далалық зерттеулер мен материалдарды лабораториялық-аналитикалық зерделеу 1997 жылдан бастау алды. Осы мерзім аралығында 20 объекті, соның ішінде мәңгі тоң басқан №10 және №11 қорғандары да бар.

Ең алғаш болып 1865 жылы қазба жұмыстарды басқарған неміс археологы - Вильгельм Радлов болды және бұл объект ғылымда «Үлкен Берел қорғаны» деген атпен белгілі. Ал 100 жылдан кейін Берел жазығына Сергей Сорокинның басшылығымен РФ-ның Мемлекеттік Эрмитажы экспедиция ұйымдастырды. Бұл жұмыстар барысында В. Радловтың зерттеулері қорытындыланып, кейін арнайы мақала ретінде жарық көрді.

Обаларды жүйелі түрде зерттеу Зейнолла Самашевтың есімімен тікелей байланысты. Оның басшылығымен жүргізілген қазба жұмыстардың нәтижесінде 1998-1999 жылдары қолдан жасалған мәңгі мұздықтағы № 11 «Патша қорғанынан» сақ көсемі мен әйелдің және ер тоқымымен бірге жерленген 13 жылқының мүрдесі табылды, оған қоса патшаның салтанат киімі, мініс аттардың ат әбзелдері, ағаштан, былғарыдан, киізден аң стилінде жасалған мыңнан астам қолөнер жәдігерлері табылды. Кейінірек тағы да мәңгі тоң басқан екі қорған зерттеліп, олардан да жерленген жылқылардың мүрделері табылды. Нәтижесінде ежелгі көшпенділер дәуірінің ақпараттық бірегей және көркемөнерлілігі жағынан үздік құндылықтарға ие болдық.

Тоң басқан оба-ескерткіштердің бірегейлігі - көшпелі ақсүйек өкілдерінің мүрделері мен жылқылардың мумияланған қалдықтарының, сол сияқты қайталанбас көне өнер үлгілерінің сақталуында және серілік-батырлық дәуірдің сипаты болып табылатын көшпелі мәдениет кезеңінің қалыптасуы мен ерекше діни-мифологиялық ұғымның дамуына сирек информациялық мүмкіндік тұғызуында. Сақ-сібір аңдар стилінде жасалған жәдігерліктердің табылуы - әлем деңгейіндегі жаңалық болды. Мәңгі тоң басқан обалардағы киім-кешектер, ат әбзелдері, ер-тоқымдар, ағаштан, матадан, киіз бен былғарыдан жасалған заттар түгелімен алғашқы қалпында сақталған. Әдеттегідей қорғандарда тек металдан, сүйек пен қыштан жасалған бұйымдар ғана сақталады. Бүгінгі таңда Берел – Отанымыздың теңдесі жоқ органикалық олжалар сақталған жалғыз ескерткіш.

1999 жылы Берелде қазба жұмыстарына Елбасымыз – Нұрсұлтан Назарбаевта келді. Жұмыстар жүргізілген уақыт аралығында Берел қорғандарында Қазақстан Республикасының парламент, министрлік, ведомстволардың өкілдері, Франция, Германия, Нидерланды елшілері мен сенат мүшелері, Ресей, Бельгия, Франция, Италия, Чехия және көптеген басқа мемлекет азаматтары да болып қайтты.

Әр жылдары Берел жәдігерлерінің көрмесі ұйымдастырылып өткізілді, соның ішінде алыс шетелдерге де шығарылды. Мысалы, 2006 жылы берел жәдігерлері Сан-Диегода (АҚШ) үлкен табысқа жетті. Халықаралық конференцияларды өткізуге байланысты көптеген экспозициялар Президенттің мәдени орталығында, Бейбітшілік және келісім сарайында және Тәуелсіздік сайында ұйымдастырылды.

Президенттің мәдени орталығында бүгінгі күнге қалпына келтірілген үлгілердің барлығы дерлік қойылған. Бұдан басқа Берел материалдарының негізінде құрылған экспозициясы ҚР-ның Мемлекеттік орталық мұражайында, Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қалалық тарихи-өлкетану мұражайының арнайы көрме залында және Астана қаласының тәуелсіздік сарайында жұмыс істеуде.

2007 жыл - Украинадағы Қазақстан жылы болып белгіленді. Киев қаласында өткізілген ашылу салтанатында экспозицияға берел жәдігерлері қойылды.

Берлин, Гамбург, Мюнхен, Стамбулда 2007 жылы өткен «Алтын гриф» атты көрмеде әйгілі Еуразия ескерткіштерімен қатар Берелден табылған жәдігерлер де көрме қатарынан табылды. Бұдан кейін 2012 жылы Нью-Йорк және Вашингтон қалаларында, 2013 жылы ГФР-дағы Бохум қаласында көрме өткізілді.

Қазіргі уақытта осы тарихи орынды тиісті қалпына келтіру үшін 2008 жылдан бері республикадан қомақты қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары қолға алынып келеді. Осы уақыт ішінде мұнда «Берел» қорық-мұражай әкімшілігі кеңсесінің ғимараты, екі тұрғын-үй мен автотұрақ бой көтерген.

Қорық-мұражайдың құрылу мақсаты оның құрамына кіретін тарих және мәдениеттің археологиялық ескерткіштерін олардың ішкі көріністерімен, тарихи қалпында және онымен байланысты аумақтарды қол тимеген түрде сақтау және қатаң ғылыми негізде қайта қалпына келтіру, аса көркем, мәнерлі ғылыми экспозициялардың түпнұсқалық мұражай жинақтары негізінде жылжымайтын ескерткіштер жасау болып табылады.

Қойылған мақсаттарды іске асыру үшін төмендегідей міндеттер орындалады.

1. Кәсіпорын аумағындағы тарих және мәдениет ескерткіштерін анықтау, есепке алу, қорғау, зерделеу, консервациялау және пайдалану.

2. Кәсіпорын аумағындағы және қорларындағы мұражай құндылықтарын және тарихи-мәдени мұра объектілерін есепке алу, сақтау, қалпына келтіру және сақталуын қамтамасыз ету.

3. Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану саласындағы ғылыми-зерттеу қызметі.

4. Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану саласындағы ғылыми-әдістемелік және ғылыми-ағарту жұмыстары.

5. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жылжымайтын ескерткіштер мен мұражай жинағын көпшілікке әйгілеу, ғылыми-ақпараттық және жарнамалық басылымдар дайындау.

6. Белгіленген тәртіппен тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану саласындағы бағдарламаларды, жобаларды әзірлеу және жүзеге асыруға қатысу.

7. Ескерткіштердің, тарихи-мәдени мұра объектілерінің қорғау аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтары мен қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарының және мұражай заттарының заңдық қорғалуын қамтамасыз ету.

8. Өңірдің тарихы мен мәдениеті бойынша білімді мақсатты бағытта беру жөніндегі ағартушылық-тәрбиелік қызмет.

9. Ғылыми қор жұмысы, мұражай қызметінің негізгі бағыттарын, ғылыми тұжырымдамаларын әзірлеу.

10. Отандық және шетелдік ұйымдар өткізетін ғылыми және мәдениеттану бағдарламаларын әзірлеуге және іске асыруға қатысу.

11. Тарих және мәдениет мәселелері жөніндегі ғылыми және ғылыми-тәжірибелік конференциялар семинарлар дайындауға және өткізуге қатысу.

12. Мұражайлық маңызы бар заттарды жинау мақсатында тарихи-археологиялық экспедициялар, ғылыми іссапарлар ұйымдастыру және өткізуге қатысу.

13. Тақырыптық эскпозициялық жоспарларды әзірлеу, мұражай экспозициялары мен көрмелерді жобалау және құру.

14. Келушілердің түрлі санаттарымен экскурсиялар, дәрістер, тақырыптық кештер мен басқа шаралар өткізу.

Онлайн кім

Қазір 28 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр