ыы

Сағыр 3 петроглифтері (Сурет 1). Сағыр ауылынан солтүстікке қарай 500 м жерде, аттас өзеннің жағасында, Сағыр шатқалындағы көлденең жазықтықтан жартас суреттері табылған. Бейнелері бар тастар шағын топтарда 3 шақырымды бойлай орналасқан. Олардың ішінде жануарлар мен адамдардың шынайы бейнелерімен толтырылған бірнеше үлкен «жайма», яғни ірі тақтатастар айрықша көрінеді. Арасындағы ерекше құндысы екі жекпе-жек көрінісі.

Сағыр 3 ескерткішінде белгілер мен символдар салынған үш бет анықталды. Бірінші бет (WGS1984 координаттары: 49°43'30.31"N 82°39'40.13"E) көлденең жатыр. Бетінде әртүрлі белгілер бар (Сурет 2). Екінші бет те (WGS1984 координаттары: 49°43'30.41"N 82°39'40.10"E) көлденең жатыр. Оның да бетінде тек бір белгі байқалады (Сурет 3). Үшінші бет (WGS1984 координаттары: 49°43'27.79"N 82°39'43.98"E) тігінен тұр. Бетінде көптеген суреттер бар (Сурет 4)

Қызылтас петроглифтері (Сурет 1). Қызылтас ауылынан 300 м солтүстік-шығысқа қарай, Ұранқай өзенінің оң жағалауында тік және көлденең жазықтықта 1,5 шақырым қашықтықтан бетінде жартас суреттері бар 50-ге жуық тас табылды. Негізгі бөлігін адамдар мен жануарлар бейнелері құрайды. Көптеген көріністердің ішінде төмен түсірген қолдарында қалыңдау дөңгелек бірдеңелері бар бірнеше адамды бейнелейтін, түсіндірілуі қиын композициялар бар. Адамдардың айналасында жылқы мен ешкі бейнеленген. Бәлкім, бұл көріністерде ғұрыптық киім киген адамдардың культтік әрекеттері бейнеленсе керек, олардың мағынасы қазіргі уақытта түсініксіз.

Бейнелердің екінші тобының орындалу техникасында айырмашылықтар бар екендігін атап өткен жөн. Көп жағдайда бейнелер үздіксіз бедерлеу техникасы арқылы салынған, бірақ бұл топта контурлық түрі басым. Осы контурлық техникада мүйізсіз екі бұқа, адам және мүйіздері тармақталған бұғы бейнеленген. Бұл суреттер ерте темір дәуіріне жатады.

Қызылтас ескерткішінде белгілер мен сиволдары бар бір бет анықталды. Ол көлденең (WGS1984 координаттары: 49°42'40.65"N 82°39'2.12"E) жатыр. Онда бір белгі бар (Сурет 2).

Шөже қорымы (Сурет 1). Ескерткіш Шөже өзенінің жайылмасының үстіндегі екінші террассада, Бестерек ауылынан 2 шақырым жерде, Өскемен – Тарғын тас жолының бойында орналасқан. Кешен 19 нысаннан тұрады. Оның батысында 80 метр жерде Шөже мектебінің қирандылары, ал оңтүстігінде 130 метр жерде мұсылмандар зираты орналасқан. Қорым аумағын көгал басқан, кейбір нысандар террассаның шетінде орналасқан. Ескерткішке 2024 жылы Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеу жүргізді. Оның №5 қоршауының, солтүстік тас жәшігінің қабырғасына ирек таңбалар түсірілген.

№1 тас жәшіктің екі тақтасында ирек сызықтар анықталды (WGS1984 координаттары: 49°39'40.46"N 82°39'37.52"E) (Сурет 2). Тастақталар тігінен орналасқандықтан, сәйкесінше таңба-белгілер тік экспозицияда тұр. Оңтүстік-батыс (ОБ) тақтасында сызықтар in situ, текстурасы бар және текстурасыз 3D үлгісінде де көрінді (Сурет 3). Солтүстік-батыс (СБ) тастақтада сызықтар текстурасы жоқ беттік рельефті көрсетуде дәл 3D үлгісінде табылды (Сурет 4).

Қарымсақ петроглифтері (Сурет 1). Жартастағы суреттер Бестерек ауылынан батысқа қарай 3,5 шақырым қашықтықтан табылып отыр. Сызбалар үздіксіз бедерлеу техникасы арқылы жасалған және тігінен 1 шақырымға созылып жатқан тау жыныстарына салынған. Бейнелердің тақырыбы алуан түрлі, негізінен тау текелердің бейнелері берілген, сонымен қатар жылқылардың, жыртқыштардың, түйелердің бейнелері де кездеседі. Сюжеттік көріністердің ішінде жабайы аңдарды аулау сахнасы ерекше көзге түседі.

Қарымсақ ескерткішінде белгілер мен белгілер табылған екі бет (тас беті) анықталды. Бірінші бет (WGS1984 координаттары: 49°40'30,88"N 82°37'15,00"E) тік экспозицияда тұр. Екі элемент бедерленген – белгі және адамның бейнесі (Сурет 2). Екінші бет те (WGS1984 координаттары: 49°40'34.01"N 82°37'1.19"E) тік экспозицияда. Оның бетінде бейнелер көп, белгілер саны – 3 белгі (Сурет 3).

Онлайн кім

Қазір 55 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр