174 гектар аумақты алып жатқан жазықта аспанасты музейі біреу ғана. Қорым көп.

Төр Алтайдың төсіне қарай өрлеп келеміз. Өрелден өттік, Берелге жеттік. Басына қарасаң, бас киімің шешілердей тәкаппар таулар, жағаға ақ көбіктен шашу шашып, асыға аққан асау өзендер, қыз мүсін қарағайлар мен тоқ балтыр қайыңдар қарсы алды бізді. Мұрыныңды мүктің иісі қытықтайды…
Бағытымыз – «Берел» мемлекекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы. Біз мінген көлікте республикалық һәм облыстық басылымдар мен радиодан жеті журналист бар. Фотоаппараттарын микроавтобустың терезесінен жарқ-жұрқ еткізіп келе жатқан тілшілер қауымының тұмса табиғат аясына бір сәтке сүңгіп кетуіне медиа керуенбасы, Әл-Фараби атындағы ұлттық университеті журналистика факультетінің жетекшісі Гүлмира Сұлтанбаева ырық бермейді. Ол кісі «бізді күтіп отыр» деп қанша асықтырғанымен, Өрел мен Берелдің арасындағы енді жөнделіп жатқан тау жолы көліктің көсіліп жүруіне мүмкіндік берер емес. Тек осы жүріс жолаушылардың жол бойына көз шалдыруына жайлы сыңайлы. Бұқтырманың сол жағалауымен өрлеген жол Берел ауылына апарып кіргізді. Машина дауысынан үркіп, қашалардан қарғыған бұғыдай бұзаулар мен бейтаныс қонақтарға қақпадан үрке қарап тұрған қарадомалақтардың қылығы тамырынан ажырай қоймаған тағылықты аңғартады. Алдымыздан Мұзтаудың ақ сәлемін алып, асығыс келе жатқан Ақбұлқақ өзені жолықты. Мәңгілік мұздықтан шыққан өзеннің ағарып ағатынын кім көрген?! Осы таңданысты сезімнің жетегі бізді патшалар жазығына алып шықты.
Түгін тартсаң, тамырлы тарих сөйлейтін қасиетті даланы бір көрсем деген мендік арманның орындалған сәті осы. Бір қарасаң, сонысы басылмаған бітік далаға ешкімнің аяғы тимегендей түр танытады. Бас-аяғы атшаптырым аумақты алып жатқан бұл жазыққа кімдердің ізі түспеген?! Сақтардың салты, ғұндардың ғұрпы, түркілердің тірлігі сақталған бұл жерге. Тілін тапқан жанға бүкпесіз сыр шертетін абыз мекен ғой.
Біз қасиетті жазықты жиектеп келіп, өткен жылы облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен салынған саркофакқа бет бұрдық.
Көліктен түскен тілшілер белгілі археолог Зейнолла Самашевқа жамырай амандасып, жағалай мерейтойымен құттықтады. Биыл күзде бұл кісі 70 жасқа толады. Ұйымдастырылып отырған «Ұлы Алтай жолымен» атты археологиялық медиа керуен де осы кісінің мерейтойына орайластырылған. Айтпақшы, тілшілер қауымынан басқа, бұл жерге аталмыш керуен аясында тағы екі қосын келген-ді. Олар – Ғани Омаров жетекшілік ететін Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті мен Ұлан Үмітқалиевтың жетекшілігіндегі Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарих факультетінің студенттері. Оңтүстіктен шыққан керуен Шілікті, Күршім арқылы жетсе, орталықтан шыққандар Шыңғыстауды басып, Берелге тартқан. Студенттер қауымы бізден бұрын барыпты. Бұл жерде Елдос Кариевтің жетекшілігімен келген С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың болашақ археологтеры біраздан бері жұмыс істеп жатқан-ды. Патшалар жазығында қайнаған тіршілік, жайнаған жастар.

Ат үйрету Алтайдан басталған

Шығысқазақстандық жастар биыл жазда бір қорымның бетін ашыпты. Тура өткен жылы салынған саркофактың алдында бес-алты метр ғана қашықтықта қабір тұр. Көп болса бір метр тереңдікке жерленген адамды қарапайым адамдардың қатарына жатқызып отыр сол жердегі мамандар. Бірақ әлі арнайы аспапқа салып, сүйекті «сөйлетпеген». Бір анығы, бұл орта ғасырда өмір сүрген әйел адамның мүрдесі екен.
Әр сұраққа ыждағатпен жауап беріп тұрған ғалым Зейнолла Самашев әуелі тілшілер қауымына «Саркофак» деген сөздің мәнісін ұқтырды. Сөйтсек, бұл терминнің төркіні «табыт» ұғымын білдіретін болып шықты. Сонымен, өткен жылы салынған нысанды бұдан былай «аспанасты музейі» деп атайтын болдық.
174 гектар аумақты алып жатқан жазықта аспанасты музейі біреу ғана. Қорым көп. Облыс әкімінің қолдауымен өткен жылы беті ашылған №2 қорымға ғана салынған ол. Ал екінші музейдің құрылыс жұмысына Мәдениет және спорт министрлігі 90 миллион теңге қаржы бөліпті. 1998 жылы 13 жылқы шыққан №11 қорғанның үстінен салынады екен ол нысан. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
Аспанасты мұражайының пайдасы сол, абыз даладан табылған құнды жәдігерлер сол жердің өзінде сақталады. Ал бұған дейінгі табылған дүниелердің бәрі Астанадағы ұлттық мұражайға жіберілген. «Алтын киіп жерленген бабам бар еді, ебін тауып оны да шешіп алдық», деп еді бір айтысында Қайнар Алакөзов. Ақиқаты осы. Енді табылған дүниені мұражайлардың таланына салмай, әрбір қорымға аспанасты музейі ашылса, құба-құп болмақ.
Осы орайда айта кетейік, биылғы жылы археология саласын дүрліктіретін тағы бір тың жаңалық жетуі мүмкін жұртқа. Тура былтыр ғана ашылған №2 қорғанның қасынан көлемі үлкен тағы бір қорымды қолға алыпты қазушылар. Бұл – №5 қорған. Беткі бір қабатын алып, қара топырақтан арылтылған қорым ішіне талай сырды бүгіп жатқандай көрінді бізге. Жиырма жылдан бері жазықты зерттеп, зерделеп келе жатқан мерейтой иесі осы нысанға қатты назар аударып отыр. Ғалыммен сол жиырма жылдан бері бірге жұмыс істеп келе жатқан шәкірттері «мұның ішінде не жатқанын Зейнолла аға біледі», – дейді. Бірақ қарт археолог «қаза көреміз» деген сөзден әріге бармады. Кім білсін, әр мамандықтың өз құпиясы болатын шығар. Қазылып бітпеген дүние жайында қазбаламадық. Бірақ қазған дүниелер жайындағы әңгіменің желісі үзілген жоқ.
Зейнолла Самашевтың айтуынша, ауыздықтың ең ертедегі үлгісі осы Алтай жерінен табылған. Бұл адамзат тарихының алғашқы дәуірі Алтайдан басталған дегенді білдірмесе де, көшпенділердің көлік меңгеру өркениетінің бізден бастау алғанын түсіндірері қақ. Қазірге дейін өркениеттің үлкені үзеңгі деп жаһанға жар салып жүргеніміз шындық. Бірақ атқа ер салмас бұрын бабаларымыз жылқыны қолға үйреткен ғой. Ал тағы жануарды тақымға көндіру үшін ең әуелі ауыздық керек. Бұл – атқа мінген адамның әрбіреуіне түсінікті жайт. Тарихшылардың сөзіне сүйенсек, сақ дәуірінің соңына дейін үзеңгі болмапты. Ол тек біздің заманымыздың 2-3 ғасырында ғана пайда болғанын айтады. Қазірге дейін Қытай, Корея жерінен үзеңгі табылғанымен, Берел қорымынан бұл зат әлі кездеспеген. Алтай – түркі жұртының алтын бесігі екенін ескерсек, келесі ашылатын қорымдардан оның да табылып қалуы әбден мүмкін. Тек тоң қабаттарында жатқан дүниелер тоналмаса болғаны. Осы орайда, қарт археолог бізге тағы бір әңгіменің шетін бүлк еткізіп, өз тұжырымын айтты. Шығыстағы көршілерміздің әлемге мақтанышпен айтатын әйгілі Чин Шы Хуаң қабірінен табылған жылқылар мен ат әбзелдері Берел қорымынан табылған жылқылар және ат әбзелдерімен ұқсас көрінеді. Археологтың айтуынша, тақымы тай иіскемеген көршілеріміз өз мемлекетін құру үшін көшпенді көршілерінен көмек сұраған. Қызықты дерек.
Тілшілердің таңданысын тудырған тағы бір әңгіме: Күлтегін, Тоныкөктер жатқан Алтайдың арғы бетіндегі ерте дәуір қорғандарының жерлеу салты мен жер бедеріндегі тоң қабаттары осы Берел қорымдарымен бірдей екен. Бұл да тарихтың ашылмай жатқан беттеріне тың тақырып болары анық.
Қорымдар қазылып һәм зерттеліп жатыр. Бұл – біздің бабаның басқан ізін танып, жоғалған тарихымызды түгендеу үшін керек ғылым. Жиырма жылда елу шақты қорғанның ғана беті ашылған. Ал Зейнолла Самашевтың дәптеріне 100-ден астам қорым түртілген. Тек төбесі көрініп, томпайып жатқандары ғана есепке алыныпты. Ескерусіз жатқаны қаншама?!

Археологтар алау басында өнер көрсетті

Күн батып, қараңғы түсіп келеді. Қорық мұражайы орналасқан аумаққа қарай беттедік. Әр басқан қадамымды аңдып мен келемін. Санамда «қабір топырағын бассаң, аяғың тартылып қалады» деген ұғым бар. Бұл нанымды археологтар білмейтін сыңайлы. Алаңсыз алшаңдай басып келеді. Олар ешқандай тылсым күштерге де сенбейді екен. Жергілікті халықтың арасында айтылып жүрген қорымдар ашылғаннан кейін болатын әртүрлі жағдайларды да сұрадық. «Өтірік әңгіме» деп қысқа қайырды. Ғылым жолындағы адамдар ғой…

Мұражай аумағына келдік. Бұл жерде республикалық бюджеттің көмегімен қомақты қаржыға салынған үш үй тұр. 2013 жылы қолданысқа беріліпті. Оның бірі мұражайға берілсе, екеуі қорық қызметкерлері мен археологтардың жатуына арналған. Қаз-қатар тігілген студенттердің шатыры. Қызықты өмір.
Кешкі тамақтан соң Ғани Омаров бастаған археологтар журналистерді алау басына шақырды. Жоныңнан Алтайдың кешкі салқыны ессе, бетіңді қызыл қарағайдың жалыны шарпиды. Отты айнала отырған студенттер ән бастады. Оған орманның уілі мен Бұқтырма сарыны қосылып, қонақтарға бұрын-соңды естімеген бір әсем әуен тыңдатты. Төбемізден түксие қарап тұрған Шаңырақ пен Қайнардың, Кемпірқұлаған мен Бітіктің де жүзіне күлкі үйірілген сыңайлы, олар да студенттердің әнін қайталап айтып тұрды…
Алаудың маңы археологтардың сахнасы екен. Студенттерден соң Ғани ағаның бұйрығымен археолог жігіттер оттың басында отты жырға кезек берді. Қазақтың танымал ақындарынан тартып, енді таныла бастаған жас ақындардың жырын жатқа оқыған олар бірде өз лирикаларына кезек берді.
Далада көп жүргендіктен бе, көшпенді елдің көмескі тартқан мәдениеті осы жігіттердің бойынан есіп тұрды. Ағаның алдын орамау, ініге ілтипат көрсету сынды дала заңдарын кеш барысында Алтай тауының арасында жүрген осы жігіттерден аңғардық. Әйтпесе, жиырма жыл тұр ғой, жиырма күн иен жерде жолдас болған адамдардың құрдас сияқты сөйлесетінін талай көрдік. Шеттерінен ақын.
Жаңбырдан соң таудың кеші жан сарайын жұбатқан,
Көңілі пәс пенделердің көз-көңілін қуантқан.
Өр Алтайдың жаймашуақ жаз күнінің бірінде,
Тау бұлтымен араласып көш келеді жүк артқан.

Дала – теңіз, көк шөптері самал желмен толқыған,
Ал шатырлар бейне кеме, тербетілсе қалқыған.
Ымырттағы қарбаласта күлкілері сыңғырлап,
Ай дидарлы қыздар жүрді шағаладай шалқыған…
Бұл Берел жазығында 19 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан жас ғалым Ғалымжан Қиясбекұлының «Әсел сұлу немесе даладағы махаббат» атты өлеңінің үзіндісі. Жүрекке жететін жырлар сарғайған сағыныштан, болмаса осындай жан қуанар жақсы аурада туатын болар. Археологтардың мұндай кештері, жазғы сапарлары талай жасты жұптастырып, шаңырақ көтерткен. Тарихымызды түгендеп жүрген жандардың қилы тағдыры туралы жазар дүние көп екен. Өз өмірлерінен шертілген сырлары бізді шын қызықтырды. Айталық, ақын Ғалымжан табылған жәдігерлердегі мифтік құстардың суреті мен ою-өрнектерді зерттейді. Яғни, сақ дәуірінен табылған дүниелердегі оюлар мен қазіргі таңда осы Алтай жерінде жасап жатқан қазақ ұлтының сырдақтарындағы оюлардың еш өзгешелігі жоқ екенін айтады ол. Әсері естен кетпес ерекше түн болды бұл.

Қасиетті мекенді туристік орынға айналдырсақ…

Ертесі қонақтар «Ежелгі және орта ғасырлық Еуразияның мәдени-тарихи үдерістер контексіндегі Алтай археологиясы» атты халықаралық жазғы мектептің ашылуына қатысты.
Халықаралық демекші, бұл шараға Якутияның қос қызы мен қатар тұңғыш алтын адам тапқан Кемел Ақышевтың әйелі, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті Марал Хабдулина бастаған құрметті қонақтар қатысты.
– Бүгінгі шара еліміздің БҰҰ кіруіне 25 жыл толуына арналған Білім және ғылым министрлігінің «Елдің зияткерлік әлеуеті» мемлекеттік бағдарламасы, халықаралық тұрақты туризм жылы аясында Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен өтіп отыр. Біз бұл жобаны белгілі археолог Зейнолла Самашев ағамыздың 70 жылдығымен тоқайластырып отырмыз. Осы мектеп арқылы аталмыш үш оқу орнынан келген жастар тәжірибелі мамандардан іс-тәжірибеден өтіп, атақты Берел қорғанындағы қазба жұмыстарына тікелей қатысып жатыр. Бұл – студенттердің мол білім алуына үлкен мүмкіндік, – деді шара тізгінін ұстаған, «Алтай» археологиялық экспедициясының ғылыми жетекшісі Ғани Омаров.
Шара басталмас бұрын қонақтар Берел мұражайын аралап көрді. Бұл жердегі ең қызықты жәдігерлердің бірі – өткен жылы Зейнолла Самашев Тарбағатай тауларынан тауып әкелген 500 миллион жылдық тарихы бар қара тас. Ол тастың бедерінде сол дәуірде өмір сүрген құрттардың бедері қалған. Бұл тас та ғалымдарға көп «әңгіме» айтар әлі. Ал Берел қорымынан табылған дүниелер бабалар өркениетінен сыр шертіп тұр.
Жиналыс барысында мерейтой иесі Берел құндылықтары негізінде көп сериялы деректі фильм түсірілсе деген арманы бар екенін айтты. Өз тарихына құрметпен қарайтын өзге елдер мұндай баба тарихы туралы талай жүз сериялы киноны баяғыда түсіріп, ұрпақтар жадына сіңіріп үлгірген. Ал бізде ше? Бізде Катонқарағай ауданының көрікті жерлері мемлекеттік қорық-мұражайына кіргенімен, Берелдегі табылған тарихи жәдігерлер ол деңгейде әлі қорғалмай отыр. Керек десеңіз, бұл жерге туристердің келуіне әлі лицензия берілмей отыр. Бұл туралы аталмыш қорық-мұражай директорының орынбасары Алмас Сарбасов айтып берді.
– Біз бұл жерге келген туристерден заңды түрде ақша ала алмаймыз. Тек мұражай аралаған кісілерден ғана 500 теңгеден кіру ақысын талап етеміз. Ал туристердің қонуына тіптен жол жоқ, – дейді ол.
Сонда деймін ғой, осынау табиғатын суреттеуге тіліміз жетпей отырған көрікті мекенді, әр тасы бағзы заманнан сыр шертетін қасиетті мекенді туристік орынға айналдыра алмасақ, туризмді дамытамыз деп ұрандатудың қажеті қанша?!
Айтпақшы, бұл жерге келген қонақтар ауқаттанып аттанатын тамақхана да жоқ екен. Келген кісілер тек археологтар мен мұражай қызметкерлерінің қазанына ортақтасады. Қонақжай халықпыз ғой, қонағын ренжітпей аттандырып жатыр археологтар.
Берелден табылған дүниелер өте көп, бірақ құнды тарихымыз былайғы жұртқа жете бермейді. Табылған дүние ақпарат айдынын бір рет дүр еткізеді де, басылып қала береді. Қысқасын айтқанда, насихат жоқ. Біздің тарихымыздың беріден емес, Берелден басталатын көрсе ғой басқалар, түсінсе ғой үлкендер.
Алланың шапағаты тиген киелі өңірге туристердің махаббаты оянса ғой, шіркін!

Онлайн кім

Қазір 237 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр