Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Мұхтар Төлеген Берел қорғандарын дүниежүзіне танымал еткен атақты археолог Зейнолла Самашевпен кездесті. Әңгіме барысында ректор археологиялық зерттеу жұмыстарына байланысты мәселелерді кеңінен қаузады.


Атап айтқанда, ол археологиялық экспедицияларды материалды-техникалық жағынан жабдықтау, «Мәдени мұра» мұражайын, Реставрациялық зертхана және Археология институты құру мәселелеріне тоқталды.

Мұхтар Төлеген университеттің химиялық және физикалық зертханалары салаға серпін бере алатынын атап, облыстық әкімдік бөлетін гранттар есебінен өңірге қажет археолог, этнограф, реставратор мамандарын даярлау қажеттігін де айтты.

ШҚМУ-дың баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге сүйенсек, кездесу нәтижесінде Петербор мемлекеттік университетімен ғылыми байланыс орнату, университетте Зейнолла Самашев пен оның әріптесі Әбдеш Төлеубаевтың дәрістерін өткізу және «Жас археолог» мектебінің жұмысын қалпына келтіру қолға алынатын болды. Мұхтар Төлеген мен Зейнолла Самашев Берелде археологтардың халықаралық симпозиумын өткізу және университеттің «Мәдени мұра» мұражайын жәдігерлермен толықтыру мақсатында археологиялық экспедиция ұйымдастыру мүмкіндіктерін де қарастырды.

 

Онлайн кім

Қазір 22 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр