Ағымдағы 2024 жылдың шілде айында ҚР МжА министрлігінің BR22082476 - «Қазақ Алтайының көне және ортағасырлық тарихи-мәдени мұрасы: археологиялық зерттеулер, қорғау, 3D сандау және мұражайландыру жобалары» атты БНҚ жобасы аясында құрамалы археологиялық топтың кешенді ғылыми жұмыстары бастау алды, жүргізуші ұйым ҚР МжА министрлігінің «Берел» МТМҚМ.

Зерттеулердің ғылыми жетекшісі - SDU доценті, PhD Е.М. Кариев, бас ғылыми кеңесші - К. Жубанов ат. АӨУ-нің доценті, т.ғ.к. А.А. Бисембаев. Далалық зерттеу жұмыстарына, «Берел» МТМҚМ ғылыми қызметкерлерімен қатар, Л.Н. Гумилев ат. ЕҰУ-нің ғалымдары – Д.Т. Тілеуғабылов, «Anique» ЖШС жетекші ғылыми қызметкері М.Д. Хамитов, «Алтай​Археология» ЖК маманы В.В. Хомайко, сондай-ақ SDU, К. Жубанов ат. АӨУ, Л.Н. Гумилев ат. ЕҰУ, AIU және С. Аманжолов ат. ШҚУ студенттері мен магистранттары қатысуда.

ҰҒК бекіткен күнтізбелік жоспарға сай 2024 жылдың ғылыми ізденістері ШҚО-ның Катон-Қарағай и Үлкен Нарын аудандарының шегінде жүзеге асырылуда. Жоба міндеттерін жүзеге асыру аясында ауқымды барлау жұмыстары жүргізілуде және қазіргі таңда 20-ға жуық бұрын-соңды есепке алынбағын кең мерзімдік шекті қамтитын сан-алуан сипаттағы ескерткіштер – жерлеу-аза тұту нысандары, қоныстар, форпост (төрткіл?) және этнографиялық заманнын қазақ қыстаулары айқындалды. Сонымен қатар ғылымға бұрыннан белгілі 10 шақты тарихи-мәдени ескерткіштердің қазіргі күйін анықтауға бағытталған мониторингті жұмыстар жолшыбай атқарылған болатын.

Қазіргі уақытта әр-түрлі тарихи кезеңге жататын – қола және ерте темір дәуірлерінен этнографиялық заманға дейінгі кезеңді қамтитын 14 ескерткіште, соның ішінде ЕТД қонысы (металлургиялық орын), XIX ғ. соңы – XX ғ. басы қазақ қыстауы және 12 жерлеу-аза тұту орнында қазба жұмыстары жүргізіліп, бірқатар құнды олжа табылғанын айта кету керек – ерте сақ және көне түркі заманының ат әбзелдері, ерте сақ заманының қыш ыдысы (бұл өз кезегінде майемер және большереченск мәдениеттерінің өзара ықпалы мен өмірлесу мәселелерінің бірқатар жәйттарын қайта қарауға мүмкіндік беруі ықтимал), пазырық мәдениетінің зергерлік және қарапайым әшекей бұйымдары, ерте түркі заманының белдік айылбасы (органика бөлшектері – былғары, жібек және екі кейіпкерден тұратын сюжет бар), латын тіліндегі (?) жазуы бар тиын, жебе ұштары, қимақ заманының жапсырмалары, ресей империясының XX ғасыр басындағы тиыны (шолпы ретінде пайдаланған) және тағы басқа.

Барлау және қазба жұмыстарымен қатар жергілікті халық, билік өкілдері мен жериеленушілермен тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және насихаттау аясындағы жұмыстар белсенді жүргізілуде.

Зерттеу тобының өкілдері туған өңірінің тарихына оң көзбен қарап, ғылыми ізденістерге жан-жақты көмек көрсетудегі аталған аудандардың азаматтарына, әсіресе, Аққайнар ауылының маңындағы құнды және бірегей ескерткіштерге жол сілтеген Серікқан Әлпешұлы Құрмановқа өзінің шексіз алғысын білдіреді.

Бұқтырма өзенінің алқабындағы Қазақ Алтайының ескерткіштерінің сан-алуандығы және байлығы таңғалдыратыны сөзсіз және осы өңірдің әлі де толыққанды зерттелмегенін, әсіресе, көрші РФ, КХР және Моңғолиямен салыстырғанда қоныс сипатындағы ескерткіштердің мүлде назардан тыс қалуын мойындау керек.

Аталған жоба аясында қазіргі күндегі нәтижелері өңірдің айтарлықтай зор ғылыми әлеуеті туралы анық айтып тұр.

Ғылыми жұмыстар жалғасуда…

Онлайн кім

Қазір 128 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр