Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова онлайн форматта былтыр Абай Құнанбайұлының 175, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын атап өтуге ерекше атсалысқан тұлғалармен жүздесіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатын табыстады. "Берел" мемлекеттік тарихи - мәдени қорық-музейінің" әдіскері Қайнаров Төлеген Қайнарұлы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Семей қаласында «Алтын-Алтай» атты көрме ұйымдастыруға үлес қосқаны үшін аталған марапатқа ие болды. Мемлекет басшысының Алғыс хатында, - "Халқымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық және дала данышпаны, әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл - Фарабидің 1150 жылдық мерейтойларына арналған іс - шараларды ұйымдастыру мен өткізуге қосқан үлкен үлесіңіз үшін Сізге алғысымды білдіремін. Аталған мерейтойлар аясында қазақстандықтардың, әсіресе жас ұрпақтың санасына ұлы тұлғалардың өнегесін сіңіруге, тағлым алуға елеулі жұмыс жүргізілді. Бірқатар шетел халқын хакім Абайдың және ұлы ойшыл әл - Фарабидің мұрасымен қатар, отандық мәдениет пен өнердің жетістіктерімен таныстырудың зор мүмкіндігі туды. Тәуелсіз Отанымызды өркендету жолындағы қызметіңізге толайым табыс тілеймін!" делінген. Жиын соңында Ақтоты Райымқұлова марапатталған азаматтарды құттықтап, Әбу Насыр әл-Фараби, Абай Құнанбайұлы сынды айтулы тұлғаларымыздың мол мұрасын насихаттау жолында жұмыла жұмыс істеуге шақырды.

Онлайн кім

Қазір 142 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр