Қазақ хандығы -қазақ халқының алғашқы мемлекеттілігінің бір көрінісі. Біздің Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі түркі әлемі, тіпті, сонау сақтардан бастау алған тарихымыз бар. Сондықтан да осы тек қана қазақ хандығы емес оған дейін де болған тарихымызды насихаттау мақсатында мамыр айының 12-жұлдызында «Берел» тарихи-мәдени қорық- мұражайы» және Жас турист бекеті бірлесе отырып «Берел қорғандарының тарихы мен маңызы» атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстелдің басты мақсаты: Берел қорғандарының тарихын жас буынға, жұртшылыққа кеңінен таныстыру жолдарын табу және тарих ғылымдарының докторы, белгілі археолог Зайнолла Самашевтың қатысуымен күз айларына жоспарланған ғылыми-практикалық конференцияға дайындық жұмыстарын жүргізу.
Дөңгелек үстелге ауданымыздың 11 мектебінің тарихшы ұстаздары, Жас турист бекеті, Катонқарағай аудандық өлкетану мұражайы, және «Арай-Луч» газетінің қызметкерлері қатысты.
Аталған іс-шараны «Берел» қорық-мұражайының директоры Жұмағұлов Е. К. кіріспе сөзбен ашып қатысушыларды Қазақ Хандығының 550 жылдығымен құттықтады, мәдени мұра бағдарламасы, бағдарлама бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Катонқарағай аудандық өлкетану мұражайының директоры О. Қажаев: Берел қорғандарындағы қазба жұмыстары, оның тарихы және көпшілікке беймәлім жақтары туралы сыр шертті. Топқайың орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі А. Ахбутина «Аймақтық компонент бойынша оқушылармен кіші ғылыми жұмыстардың жүргізілу жолдары» туралы айтса Е.П.Рыков атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Д. Нуриева «Берел қорымдарының тарихын мектеп бағдарламаларында оқытылуы» туралы мәселе көтерді. Дөңгелек үстелге қатысушылар қорық-мұражайдың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен алдағы жоспарлары жайлы да мәліметтер алды. Берел қорғандарын кеңінен насихаттау, мектептер мен мұражай арасындағы байланыс және тарихи-мәдени туризмді дамыту жолдарын қарастырып өз ойларын ортаға салды. Басқосу жазушы-журналист Ж.Қызырдың Берел қорғандарына арналған арнау өлеңімен аяқталды.