2015 жылы Берел қорғандарында болып қайтқан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.К. Ахметов Берелдегі қазба жұмыстары мен одан табылған жәдігерлерге қызығушылық танытып, облысымыздағы археологияны дамытуға қомақты қаржы бөлетіндігі туралы айтқан еді. Кейіннен Шығыс Қазақстан облысында археологияны дамытудың үш жылдық жоспары жасалынған болатын.
Биылғы жылғы мамыр айының 23-нен бастап № 2 қорғанға қазба жұмыстары басталып кетті. Қазба жұмыстарының нәтижесі көрсеткендей қорғандағы қабірден 4,5 метр тереңдікте алтын әшекейлерімен бірге жеті жылқы, тақтайдан тұрғызылған қима бөлме мен астау табыт және әйел адамның сүйегі табылды. Мәйіттің қасына екі қыш құмыра мен жылқының омыртқасы (жая) қойылған.
Шілде айының 12 жұлдызы күні Берел қорғандарында облыс әкімі Д.К. Ахметов арнайы іс-сапармен болып, қазба жұмыстары жүріп жатқан далалық лагерде профессор, археолог Зайнолла Самашевпен кездесіп, қазба жұмыстарының барысымен танысты. Қазылған № 2 қорғандағы жәдігерлерді көрген облыс әкімі сол мезетте-ақ бұл жәдігерлерді осы қалыпында сақтау мақсатында аталмыш қорғанға музейлендіру жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылдап, құрылысқа облыс бюджетінен қаражат бөлдіруге уәде берді.
- «Біздің мақсатымыз өз тарихымыздың тереңде екендігін дәлелдеу, келешекке насихаттау»-, деді облыс әкімі өз сөзінде.
Осы сапардан соң бір аптаның ішінде құрылыс жұмыстары қауырт басталып кетті. Ең бірінші жұмыс қабір шұңқырының ішіндегі жәдігерлерді және қабірдің бастапқы қалпын сақтау болды. Осы жұмыстардың барлығын «Элхон» ЖШС-ның құрылысшылары абырой мен атқарып бас-аяғы бір жарым айдың ішінде 5 метр тереңдіктен басталған, сегіз қырлы пирамида тәріздес, шыныдан жасалған күмбезі бар музейді салып бітірді. Бұл жерде музейлендірудегі құрылыс жобасының негізгі идеясы З. Самашев екендігін айта кеткен жөн.
Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткен «Алтай-Түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық конференция аясында 9-қыркүйек күні шыныдын салынған музейдің ашылу салтанаты болып өтті. Осылайша «Патшалар жазығында» азғантай уақыттың ішінде жаңа ашық аспан астындағы музей пайда болды. Алыс-жақын шет елдерден келген қонақтар мен болашақ ұрпаққа тарихымызды көрсетіп, насихаттауға арналған керемет кешен алдағы уақытта да келушілер санын көбейтеді деген сенімдеміз.