Өткен ғасырдың аяғындағы археологтар ашқан әлемдік деңгейдегі үлкен жаңалықтардың бірі – Алтайдағы Берел қорғандары. Берел қорғандарынан табылған археологиялық ескерткіштер, шын мәніндегі, әлемдік үлкен жаңалық, айтулы ғылыми табыс ретінде бағаланды.
Берел қорғандары – Қазақстандағы сақ дәуірі кезеңінің органикалық заттары сақталған жалғыз тарихи ескерткіш. Қорым б.з.б. V-IV ғасырларда салынған. Берел қорымы Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма өзенінің оң жағалауында Берел ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 7 шақырым жерде, таулы аңғарда орналасқан. Қорымның құрамында 100-ден астам оба бар.
Берел қорғандары табылған ақсүйектер мен скиф-сібір аң стилінде жасалған заттарының нәтижесінде әлемге әйгілі болды. Берел қорымындағы тоң басқан обалардың беретін мәліметтері де ерекше. Берел қорымындағы үлкен обаларда табиғат пен климаттың және обаны үйген материалдар мен ескерткіш құрылысының үйлесімінен пайда болған тоңның нәтижесінде органика, яғни киім, ат әбзелдері, ағаш бұйымдары, ер тоқым, тері мен киізден жасалған заттар шірімей жақсы сақталған.
Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен 2004 жылы қабылданған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы негізінде 2008 жылдың 4 шілдесінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 674 Қаулысымен «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық – мұражайы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны құрылған еді.
2018 жылғы 11 тамызда сағат 10:00-де «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен өтетін «Алтай жауһарлары»атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның мақсаты: мыңдаған жылдар бойы сақталып келген құнды жәдігерлерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, ата-баба мәдениетін барша жұртшылыққа паш етужәне қазақ жерін мекен еткен ежелгі тайпалардың мәдениеттерін насихаттау.
Конференция аясында қатысушыларғаосы жуырда Тарбағатай тауларындағы Елеке Сазы жазығынан табылған тоналмаған екінші «Алтын адам» киімінің алтын бұйымдары және әшекейлері, Берел қорымының б.з.д. II-I ғасыр кезеңімен белгіленген №36 қорғаннан табылған сүйектен ойылып жасалған, бір-біріне қарама-қарсы қойылып бейнеленген бұлан-грифон ат әбзелінің әшекей бұйымдары, сол кезеңге жатқызылатын №16 қорғаннан табылған ер және әйел адамның бас сүйегі негізінде жасалған антропологиялық реконструкциясы, №2 қорғаннан табылған зооморфты сабы бар қола айна, әйел адамның әшекей бұйымдары және тағы басқа құнды жәдігерлер көрсетіледі, және атақты №11 қорғанның үстіне салынған ашық аспан астындағы музейдің ашылу салтанаты өтті.
Конференция барысында “Қазақ Алтайы тарихындағы Берел феномені”, “Қазақстандағы қорық-музейлерді дамытудың кейбір мәселелері мен “Берел” музей-қорығының құрылу тарихы мен болашағы туралы ” баяндамалар оқылып, талқыланды. Сонымен қатар, РФ, Ресей ғылым академиясынан келген антропологтар Берел обаларынан табылған антропология бойынша өз зерттеулерінің қорытындысымен таныстырып, өз баяндамаларын ұсынды.
Конференцияға Қазақстандағы музей-қорықтардың, өлкетану музейлерінің өкілдері, белгілі қайраткер азаматтар, тарих ғылымының докторлары мен атақты археологтар қатысты.
https://berel-museum.kz/kz/2015-02-19-07-41-59/arkhiv-novostej/376-berel-memlekettik-tarikhi-m-deni-ory-muzejini-ryluyna-10-zhyl-berel-eskertkishterini-zertteluine-20-zhyl-toluyna-arnal-an-altaj-zhau-arlary-atty-khaly-araly-ylymi-praktikaly-konferentsiya.html#sigProIdb65166de12