40103504 1745741392191504 502532390770442240 n

Астана биылғы жазды 25-26 тамызда «Этноауыл» Ұлттық-мәдени кешені аумағында өткізілген ауқымды деңгейдегі open air фестивальмен өткізді.

Көрмедегі барлық шаралар мен экспозициялар көне дәуірлерден бүгінгі күнге дейінгі аралықты қамтыды. Қазақ шеберлерінің өнері, өткен мен бүгінді біріктірген ұрпақтар сабақтастығы да елеусіз қалмады.

Көрме қазақ мәдениетінің заман ағымына сай бейімделген табысты интеграциясын паш етті. Жастардың тарихи құндылықтарға қызығушылығын арттырумен қатар, халық арасынан шыққан хас шеберлердің туындылары да көпшілік назарына ұсынылды.

Көрме жұмысына оннан астам қолөнер шебері қатысты. Олар қолынан шыққан түрлі бұйымдарды келушілер назарына ұсынып, тегін шеберлік сағатын да ұйымдастырды. Ата дәстүрді жаңғырту аясында ат әбзелдері мен этнодизайнерлердің жұмысына байқау ұйымдастырылды.

Елішілік туризмді дамытудың басты тетіктерін іздестіру мақсатында «Этнографиялық және экологиялық туризмді дамытудың перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Алқалы жиынға Англия, Ресей, Белоруссия, Грузия, Татарстан мен Қазақстан өкілдері қатысып, осы мәселеге байланысты өз ұстанымдары мен толғанымдарын жеткізді. ҚР Мәдениет және Спорт Министрлігі туризм индустриясы Комитетінің Төрағасы Мурзамадиева Майнюра Саветовна дөңгелек үстелдің модераторы болды.

Сонымен қатар көрмеде еліміздің әр аймағындағы музейлерден әкелінген тарихи экспозициялар қойылып, келушілер өткен ғасырға саяхат жасады. Көне заман адамдарының киім-кешегі, әшекейлері, тұрмыстық бұйымдары мен өзге де заттары көпшілік назарына ұсынылды. Олардың ішінде көне заман көшпенділерінің қазыналары – жекелеген бұйымдар мен костмдер, қару-жарақ және өзге де атрибуттардың ғылыми жолмен қайта қалпына келтірілген үлгілері де бар.

Фестиваль меймандары ұлттық ойындар мен қымбат жүлде тігілген қызықты байқауларға қатысты. Қазақстың ұлттық тағамдарынан дәм татып, театрландырылған көріністерді тамашалады.

Шараны фольклорлық музыканы ерекше интерпретациямен көрермен назарына ұсынған өнер иелерінің гала-концерті түйіндеді. Олардың ішінде көпке танымал көмеймен орындаушы Тюргэн Кам мен «Арқайым» нео-этно-фолк тобы да бар.

Гала-концерт аясында этно стилінде жұмыс істейтін диджейлердің алғашқы қазақстандық байқауы өткізілді. Осылайша Этноауыл аумағында қобыз бен домбыра және заманауи ырғақпен әдемі үйлесім тапқан өзге де халық аспаптарының әуендері асқақтады.

Шара Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт Министрлігінің тапсырмасымен ұйымдастырылды.

Онлайн кім

Қазір 84 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр