Осыдан 20-жыл бұрын ата-бабамыздың жатқан жеріне қазба жұмыстары басталып, сол заманнан ақпарат беретін құнды жәдігерлер көптеп шыққан еді. Осы теңдесі жоқ жәдігерлерді сақтау мақсатында араға он жыл салып музей құрылған болатын.
Биыл осы қазбаға 20 жыл, музейге 10 жыл толып отыр. Осынау киелі жерге жолдың шалғайлығына қарамай шет елдерден, еліміздің түкпір-түкпірінен туристер көптеп келуде.
Музейіміздің қоры да жылдан жылға толықтырылып, жаңаруда. Әсіресе биылғы жылы көптеген жәдігерлер музейге берілді, соның ішінде еліміздегі атақты реставратор Қырым Алтынбековтың шеберханасындағы №11 обадан шыққан жылқылардың ат әбзелдері түгелдей музейімізге қойылды.
Атап айтар болсақ: Жұқа киізден құрақталып жасалған балық бейнелі салпыншағы, қиял-ғажайып бейнеде сомдалған сулықтың айыршығы, ер-тоқымның киіз жабуындағы аппликациялар, тал шыбықтардан құралған қалқандар.
Сонымен қатар археолог Зайнолла Самашевтің музейімізге көрсетіп отырған еңбегін айта кеткен жөн болар. Теңдесі жоқ №36 қорғаннан шыққан бұғы мүйіздерінен жасалған аттың әшекей бұйымдарын музей қорына берді. Осындай түпнұсқа заттар тек осы «Берел» музейі қорында, бүгінгі күні осы заттарды ел назарына ұсынып отырмыз.
Биылғы жылы келіп жатқан жәдігерлердің көбеюіне байланысты көрме залдарында заман талабына сай көрме сөрелері орнатылды. Төрт бөлме аталмыш көрме сөрелерімен жабдықталып, іші жәдігерлермен толықтырылды. Музей аумағында қолданыста болған, көне көз жәдігерлерді ел назарына ұсыну үшін киіз үй орналыстырылып, қазіргі таңда жәдігерлермен толықтырылу үстінде.
Сондай-ақ музейімізге атақты №11 қорғаннан табылған жылқының көшірмесі де қойылды. Көшірмені жасаған суретші, этнограф, қару-жарақ зерттеушісі. Қазақтардың дәстүрлі қарулану шежіресі бойынша білікті маман Қалиолла Саматұлы Ахметжан.
https://berel-museum.kz/kz/2015-02-19-07-41-59/arkhiv-novostej/363-t-rimizge-te-dessiz-zh-digerlerdi-kelui.html#sigProIdaa9f039ec2