Түркі тарихы және мәдениеті қорының (TÜRKTAV) Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қолдауымен 2023 жылдың 15 желтоқсанында Түркия астанасы Анкара қаласындағы Анатолия өркениеті музейінің залдарының бірінде «Ұлы дала алтыны» көрмесінің ашылу салтанаты мен «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының бас ғылыми қызметкері, археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зайнолла Самашевтың "Көне түркі бейнелеу өнері" кітабының тұсаукесері өтті. 

“Ұлы дала алтыны” атты бұл көрме танымал археологиялық ескерткіштер – Берел, Елеке сазы, Қарақаба қорымдарынан табылған көзтартар артефакттерден жинақталған. Көшпелілер дәуірінің жауһарлары өркениет дамуының ең биік деңгейін, өткен ғасырлардағы зергерлердің тамаша шеберлігін бейнелейді және мемлекетіміздің тарихына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.

Көрмедегі басты орынды археолог, тарих ғылымдарының докторы З. Самашев пен суретші, этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Қ. Ахметжанның Берел қорымынан табылған ат әбзелдері мен әйел адамның сырт киімінің ғылыми жаңғыртпалары алады.

Сонымен қатар, Катонқарағай ауданы Қарақаба қорымына тиесілі VIII ғасырда өмір сүрген жауынгер-музыканттың реконструкциясы қимақ қағанаты жауынгерінің киімі мен қару-жарағы, бетперделі дулыға, әшекейленген жауынгерлік белбеу, қынға салынған қылыш, садақ және жебелер салынған қорамсақ, музыкалық аспап қойылған. Ерекше матадан тоқыма реконструкциясы жасалды, Венгриядағы шығармашылық шеберханада эскиз бойынша өрнектелген табиғи жібек мата жасалды.

Сақ дәуіріне жататын текті әйелдердің киімдерінің екі реконструкциясы: Берел патшалар алқабындағы және Қарақаба қорымындағы әйелдердің әдемі бейнелері (б.з.б. IV-III ғғ.). Олардың киімдерінің әрбір бөлшегі, әсіресе, алтынмен апталған бас киімдері олардың таңдаулылығы мен текті, ақсүйек тұқымынан шыққанын білдіреді. Бұл асыл сақ әйелдерінің бейнелері сол дәуірдегі сәнқойлардың эстетикалық талғамы мен қалауы туралы түсінік алуға мүмкіндік береді.

Көрмедегі маңызды пішін – №11 Берел қорғанынан (б.з.б. IV-III ғғ.) табылған ат әбзелдерінің жаңғыртпасы. Аттың салтанатты әбзелдерінің әшекейлері басқалармен салыстырғанда дәрежесіне сәйкес қайталанбас қосымша бөліктерімен, атап айтқанда, былғарымен қапталған және алтын өрнектермен көмкерілген ағаш мүйізді масканың болуымен ерекшеленеді. Өмілдірік пен құйысқан, ер-тұрман және жүген айрықша полиморфты жануарлар бейнесімен безендірілген.

Көрме экспонаттары б.д.д. І мыңжылдықта өлкемізде негізін көшпелі мал шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі, металлургия және дамыған қолөнер құрайтын стратификациясы дамыған қоғамның және өзіндік ерекше мәдениеті бар көшпелілер «өркениетінің» болғанын дәлелдейді.



На сайте

Сейчас на сайте 125 гостей и нет пользователей